Солтүстік Қазақстан облысында зейнеткер өз үйінде тірідей жанып кетті. Жетпіс жастағы қарт түн жарымында түтінге тұншығып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында болды. От тұтанғанда жалғыз тұратын зейнеткер ұйықтап жатқан. Өзі бірінші топ мүгедегі екен. Өздігінен жүріп-тұра алмайды.
Өртсөндірушілер жетемін дегенше, үй лаулап жанған. Үйдің төбесі опырылып ортасына құлаған. Көрші үйдің қора-қопсысын да жалын шарпыған. Құтқарушылар марқұмның мәйітін қиранды арасынан шығарып алды. Сараптама тағайындап, өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.
"Оқиға орнына сағат үштен 42 минут кеткенде жетті. Өртенген аумақ 55 шаршы метр. Оттың неден тұтанғаны анықталып жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды. Ал марқұм - бірінші топтағы мүгедек", - дейді Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Аян Құсайынов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!