Солтүстік Қазақстан облысында мешіт өртенді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға Казанка ауылында 9 ақпанда кешкі сағат 21:00 шамасында болған.
Өртсөндірушілер жеткенше мешіт отқа оранып, төбесі опырылып ортасына түскен. Тілсіз жаумен ауылдағы өрт сөндіру пунктінің қызметкерлері күрескен. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
70 жыл бұрын салынған ғимарат кейінгі жеті жылдан бері мешіт ретінде жұмыс істеп келген.
"Алдын ала болжам бойынша жылыту құрылғыларын, яғни пеш орнату кезінде өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Ғимарат өте ескі. Бұған дейін дәріхана, наубайхана ретінде пайдаланылған. Құрылыс нысаны тастан салынған, мешіт ретінде ешқандай жерде тіркеуде болмаған, иесіз қалған нысан деуге болады", - деді СҚО ТЖД басқармасының бастығы Владимир Хутинаев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова