- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Солтүстік Қазақстан облысында...
Солтүстік Қазақстан облысында әйелді атып өлтірген орманшы 3 жылға сотталды
Солтүстік Қазақстан облысында әйелді атып өлтірген орманшыға қатысты сот үкімі шықты. Ол 3 жылға сотталды, алайда марқұмның туыстары мұнымен келіспей отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға 2022 жылғы шілдеде болған. Бауман ауылының учаскелік полицейімен бірге орманшы заңсыз аңшылыққа шыққан кезде жануарды адаммен шатастырып, атып жіберген. Салдарынан оққа ұшқан ауыл тұрғыны қан жоғалтып, қайтыс болды.
Араға жарты жыл салып, бұл оқиғаға қатысты сот үкімі шықты.
"Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабы 1-бөлімі бойынша Сергей Лосеняні кінәлі деп тапты. Айыпталушы 3 жыл ортақ режимдегі колонияда жазасын өтесін. Бұдан бөлек, марқұмның туысқандарына моральдық өтемақы ретінде 3 миллион теңге төлеуге тиіс", - деп Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют аудандық сотының судьясы Азамат Дүйсенов үкімді оқып берді.
Марқұмның баласы соттың бұл шешімімен келіспейді.
"Адамның өмірі бағасыз болып кетті. Айыртау ауданында аңшылар елікті атып, 6 жылға сотталып жатыр. Ал мына жерде адам өлтіріп, адамның жанын алып, 3 жылға сотталған дегенді мен білмеймін", - дейді марқұмның баласы Алтынбек Сайлауов.
Ал марқұмның жолдасы Ғалымжан Мұздақбаев әйелі Сергей Лосеняның емес, учаскелік полицейдің қолынан қаза тапты деп есептейді. Өйткені полицей үнемі аңшылыққа шығып жүреді екен, мұны ауыл тұрғындары да білетін көрінеді.
Ал учаскелік полицей Қабай Әлтеевтің ісі бөлек қаралып жатыр. Ол қызмет барысында бейжай болғаны үшін жауап беріп жатыр. Бұл іс бойынша сот үкімі бірер күнде белгілі болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан