Былтыр 1 қазаннан бастап бүгінге дейін Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізіне шамамен 1,2 млрд текше метр су жіберілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Су ресурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, биылғы вегетация кезеңінде теңізге секундына 14 текше метр су түсіп жатыр.
Вегетация кезеңі аяқталғанға дейін су жіберу көлемін біртіндеп секундына 100-150 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінде Солтүстік Аралдағы су көлемі - 23,4 млрд текше метр.
"Солтүстік Аралды сақтау мақсатында министрлік бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде Сырдария өзені бассейніндегі суды есепке алуды автоматтандыру және гидротехникалық нысандарды реконструкциялау жұмыстары бар. Сонымен қатар, көршілес мемлекеттермен өзара іс-қимыл да күшейтіліп жатыр. Мәселен, былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл - он жылға созылған келіссөздердің нәтижесі", - деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова