- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сол сумақайға кешірім...
"Сол сумақайға кешірім жасамауым керек еді". Назарбаев Мұхтар Әбіләзов туралы айтты
Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" кітабында Мұхтар Әбіләзовке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұңғыш Президент алғашында Виктор Храпунов, оның қызметте өсу жолы, елден қашуы туралы айтады.
"Менің де "Неге кейбір адамдарды жақсылап тани алмай қалдым?" деп өкінетін кездерім болмай тұрмайды. Қызметке тағайындар кезде Қажыгелдинге де, Жақияновқа да сеніммен қарадым, екеуін де қолдадым. Иә, қандай мәселесі туса да, адам оған өзін кінәлауы керек. Білімді жастарды тәрбиелеп, мемлекеттік қызметке тарту әр уақытта ойымда тұрды. Сол 90-шы жылдары бір топ жастарды басшылық қызметке қойдым. Министр, орынбасар, комитет төрағалары етіп тағайындадым. Біреулері сенімді ақтап, елге адал қызмет етті. Енді біреулері өздерінің түбіне өздері жетті. Өмір солай. Мысалы, Виктор Храпуновты алайық. Техникум бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша сатылап өсіп отырған, Алматы қалалық атқару комитетінің төрағалығына жоғарылаған. Энергетика және табиғи ресурстар министрі, Төтенше жағдайлар министрі қызметтеріне тағайындадық. Алматы қаласының әкімі болып жүргенінде қалалық энергетика кешенін Бельгияның "Трактебель" компаниясына сатып жібергені, муниципалдық меншіктегі жерді жеке меншікке заңсыз үлестіріп бергені анықталды. Үстінен 20 қылмыстық іс қозғалды. Ақыры сыртқа кетіп тынды. Алаяқтығы, қылмыстық топ құрғаны, өз өкілеттігін асыра пайдаланғаны, пара алғаны үшін интерпол желісі арқылы халықаралық іздеу жарияланды", - деп жазылған кітапта.
Сонымен қатар, кітапта Мұхтар Әбіләзов туралы да айтылған.
"Апама жездем сай" дегендей, Храпуновтың жолын қуған адамдардың бірі - Мұхтар Әбіләзов. Ол да Қажыгелдиннің тұсында іскер азамат саналып, шығандап шыға келген. "Астана-Холдинг" фирмасын басқара жүріп, мол байлық жинап алған Әбіләзов энергетика, индустрия және сауда министрі қызметіне кірісе сала өз қалтасын бұрынғыдан да қампайтудың жайын ойлауға көшкен екен. Министр болғанына бір жарым-ақ жыл өткен шақта оған мемлекет қаражатын талан-таражға салды, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды, қылмыстық топ құрды деген айып тағылып, үстінен іс қозғалды. 2002 жылы сот үкімімен 6 жылға түрмеге қамалды. Оны жазадан мерзімінен бұрын босату жөнінде өтініштер айтылды, өзі де менің атыма жаздым, жаңылдым деп қайта-қайта хат жазды. Ақыры оған кешірім жасағанмын. Бұл менің сенгіштігімнен жіберген қателігім. Жалпы, адамдардан жамандық күтпейтінімнен сан соғып қалған кездерім аз емес. Сол сумақайға кешірім жасамауым керек еді. Осындай сатқындық жасайтын адамдар қалай жер басып жүретініне таң қаламын. Мен оның сөзіне сендім. "Астана-Холдинг" компаниясы "БанкТұранӘлем" акционерлік қоғамының акцияларын сатып алды, кейін БТА Банкі аталды. Банк қызметі жақсы бағалана бастады. Алайда 2009 жылы ол қолындағы билігін асыра пайдаланғаны және айла-шарғы жасағаны үшін үкімет қаулысымен банк басшылығынан босатылды. Әбіләзовтің банк ақшасына қол салғаны, қол салғанда да мол салғаны анықталды: ол банк директорлар кеңесінің төрағасы болып тұрғанда құны 6 миллиард АҚШ долларлық ақша талан-таражға түскен екен. Аса ауқымды талан-тараждың тап өзі. Оның Ресейдегі әбден жарнамалатқан жобалары - Мәскеуде 75 қабаттық зәулім үй көтеретіні, Домодедово әуежайының маңынан 150 мың адам тұратын тұтас бір шағын қалашық салдырып, оны "орыс Голливудына" айналдыратыны қандай ақшаның есебінен жасалмақ болғаны әшкереленді. Шетелге қашып кеткен Әбіләзовке үш бірдей ел - Ресей, Украина, Қазақстан халықаралық іздеу жариялады. Ол Еуропада ұсталып, Франция түрмесіне жабылды. Түрмеде үш жарым жыл отырып, 2016 жылы Франция Мемлекеттік кеңесінің шешімімен босатылды, "саяси себеппен қудалануда" деп тауып, Ресейге экстрадициялаудан бас тартылды. Ең сұмдығы - Әбіләзовтің "БанкТұранӘлемге" қалай қол жеткізгені, нақты айтқанда - банкті алу үшін дос болып жүрген адамын өлтірткені анықталды. Әуелгі сот шешімі бойынша банктің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішев аң аулауға шыққан кезде оның әріптестерінің бірі - Мұратхан Тоқмади мылтық шүріппесін аңдаусызда басып қалып, абайсызда атып алған деп саналған еді. Сөйтсе, кейін анықталғанындай, Тоқмади Тәтішевті Әбіләзовтің тапсырысы бойынша әдейі өлтірген екен. Бұған не айтуға болады? Ұры әрі қарақшы. Отанын тонап, материалдық орасан шығынға батырған, еліне жаман ат келтірген сатқын. Мен осы кітапты бітіруге тақағанда көмекшілерім Интернеттен "Франция Әбіләзовті саяси босқын мәртебесінен айырды", "Франция Әбіләзовке баспана беруден бас тартты" деген материалдар әкеліп берді. Екеуінің айтары бір. ...Қылмыскер қанша құтырса да құрықтан құтылмайды", - деп жазылған кітапта.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова