Украинадағы соғысқа Ресейде мобилизацияланған 50 000 ресейлік қатысып жатыр. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеді. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі оқиғаларға шолу жасады.
Украина алғашқы NASAMS зенит-зымыран кешенін алды
Украина қорғаныс министрі Алексей Резников NASAMS және Aspide деп аталатын әуе қорғанысының алғашқы жүйелерін алғанын мәлімдеді. Украина ресейлік соққылардан инфрақұрылым одан әрі бүлінуіне жол бермеу үшін әуе қорғанысының озық жүйелерін қолдануға ниеттеніп отыр.
"...Серіктестерімізге, Норвегия, Испания және АҚШ-қа рақмет", - деп жазды ол Twitter-де.
АҚШ Украинаны қалай қолдап отыр?
Ақ үй өкілі АҚШ Украинаның әскери күш-жігерін берік қолдайтынын мәлімдеді. Тіпті бұл жұмыс шығын деңгейіне алаңдап отырған республикашылар аралық сайлауда жеңіске жетсе де жүргізіледі.
"Біз АҚШ-тың қолдауы тұрақты және мызғымас болатынына сенімдіміз. Президент Джо Байден Украинаны қолдау үшін екі жақты жұмыс істеуге ниетті", - деді баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер.
Украина ешқашан Ресеймен келіссөздерден бас тартқан емес - Подоляк
Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Киев ешқашан Ресеймен келіссөздерден бас тартпағанын айтты. Оның сөзінше, Киев режимінің ұстанымы - Ресей Федерациясы әскерін 1991 жылғы танылған Украина аумағынан шығару.
"Украина ешқашан келіссөздерден бас тартпағанын түсіну керек. Біздің келіссөз ұстанымымыз анық әрі ашық: алдымен Ресей Федерациясы Украинадан әскерді шығарады, содан кейін қалғаны жүзеге асады. Владимир Путин келіссөз жүргізу үшін мұндай шарттарға дайын емес. Сондықтан Киев бұл мәселелерді Путиннің орнына келетін Ресей Федерациясының келесі президентімен талқылайды", - деді ол.
Фин президенті Украинадағы соғыстың жақында аяқталмайтынын айтты
Финляндия президенті Саули Ниинисте Украинадағы соғыстың соңын көрмейтінін айтты. Ниинисте соғыс неғұрлым ұзаққа созылса, қиындық соғұрлым көп болатынын ескертті. Алайда ол Финляндия Украинаны қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді.
"Соғыстың соңы көрінбейді және тараптардың ешқайсысы өздерінің бастапқы ұстанымдарымен келісімге келмейді. Финляндия Украинаға қанша қажет болса, сонша көмектеседі. Алайда соғыс туралы сөйлесу әдеттегі әңгімеге айналуы қауіпті", - деді Ниинисте.
Қырым көпірінің бірінші аяқталған аралығы орнатылады
РФ премьер-министрінің орынбасары Марат Хуснуллин құрылысшылар Қырым көпірінің бірінші аяқталған аралығын орнату орнына дейін тасымалдауға кіріскенін айтты.
"Бүгінде құрылысшылар салмағы 300 тоннадан асатын металл конструкцияларды тасымалдауға кірісті. Құрылым көп дөңгелекті өздігінен жүретін модуль арқылы тасымалданып жатыр", - деп жазды Хуснуллин Telegram-да.
Украинадағы соғысқа 50 000 мобилизацияланған ресейлік қатысып жатыр - Путин
Ресей президенті Владимир Путин мобилизация аясында шақырылған 50 мың ресейлік сарбаз қазір Украинадағы жауынгерлік бөлімшелер құрамында соғысып жатқанын айтты.
"Қазір бізде 50 мың адам жауынгерлік бөлімде. Қалғандары әлі соғыс қимылдарына қатыспайды. Жалпы 80 мың жаңадан мобилизацияланған ресейлік арнайы әскери операция аймағында", - деді Путин Мәскеу маңындағы Тверь облысына сапары кезінде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!