- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Соғыс болуы мүмкін“....
“Соғыс болуы мүмкін“. Ермұрат Бапи қорғанысқа өте аз қаржы бөлінетінін айтты
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанға қорғаныс саласына өте аз қаржы бөлінетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінде "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы", "Ұлттық қордан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобалары талқыға салынды.
Жиында Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов елімізде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 1 пайызға да жетпейтін мөлшері әскери салаға бөлінетінін айтты.
"2025 жылы қорғаныс саласының бюджеті ЖІӨ-нің 0,47 пайызына, ал мемлекеттік тапсырыс ЖІӨ-нің 0,24 пайызына тең. Нәтижесінде, қорғанысқа ЖІӨ-нің 0,68 пайызы бөлініп отыр", - деді Бейсенов.
Депутат Ермұрат Бапи бұл өте аз қаржы екенін, әлемге соғыс қаупі төніп тұрғанын атап өтті.
"2024 жылғы бюджетте әскери салаға ЖІӨ-нің 0,7 пайызы, 2025 жылға 0,8 пайызы қарастырылған. Бұл не қаржыландыру? Бұған кім жауап береді? Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылы соғыс болуы мүмкін. Мұндай қауіп бар. Біздің қорғаныс ведомствосында осындай да болжам бар", - деді Ермұрат Бапи.
Еске салайық, қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасының маңызды тұстарына тоқталды.
"2025 жылға түсімдер 21,7 триллион теңге деңгейінде болады. Трансферттерді есептемегенде 2025 жылға арналған кірістер 15,6 триллион теңге немесе түсімдердің 73%-ына тең. Келесі жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болжанады, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейді", - деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстары 25,8 триллион теңге болады, яғни биылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғаяды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен