"Сіңліңіз көлігімен кісі қағып кетті". Алаяқтар халықты бопсалаудың тағы бір жолын тапты

"Сіңліңіз көлігімен кісі қағып кетті". Алаяқтар халықты бопсалаудың тағы бір жолын тапты
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

"Сіңліңіз көлігімен адам қағып кетті. Оған ота жасату үшін 6 миллион теңге керек". Алаяқтар жұртты туған-туысын араға салып алдауға көшті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұндай жазба Instagram-дағы "Критика Кызылорда" парақшасында жарияланды. 

"Бүгін кешке қалалық телефон шырылдады. Телефон тұтқасының арғы жағында жылаған қыздың даусы. Байқаймын, сіңлім сияқты. Оның айтуынша, оны ауруханаға ес-түссіз күйде әкелген. Көлік айдап келе жатып кісі қағып кеткен. Ол қазір ауруханада көрінеді және ота жасату үшін 6 миллион теңге керек. Әйтпесе, қылмыстық іс қозғайды. "Енді қандай ауруханада?" десем, "онда бәрібір кіргізбейді" деп жолатқысы жоқ. Тек "үйде ақша бар ма" деп сұрай берді. "Жоқ, несие аламыз" деймін мен. Біраз әңгімелескеннен кейін әлгі қыз қалалық ауруханада екенін айтты да байланыс үзіліп кетті. Артынша сіңлімнің күйеуіне хабарлассам, бәрі үйінде, ешкімге ештеңе болмаған. Бұл алаяқтың ісі болып шықты. Ағайын, әрдайым сақ болайық! Үнемі жақындарымыздың жағдайын сұрап тұрайық!" - делінген жазбада. 

Жазбаға пікір қалдырғанның көбі мұндай жағдай өзінің немесе жақын-жуығының басынан өткенін келтірген.

Қызылорда облыстық полиция департаменті өкілдері мұны жоққа шығармайды. Адамдарды түрлі амалмен тақырға отырғызу дерегі жыл артқан сайын жиілеп барады. Биыл жарты жылда тіркелген 560 қылмыстың 441-ін айлакерлер интернеттің көмегімен жүзеге асырған. Оның тек 30 пайызы ашылды.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz