Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нарықтық экономикаға көшу қаншалық маңызды екенін айтып, тез арада іске көшпесек, әлемдік кеңістікте алға шығу қиын болатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Біз азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған шынайы нарықтық экономикаға көшуіміз қажет. Сондықтан алдымызда күрделі кезең тұр. Біз қиын-қыстау заманда өмір сүріп жатырмыз. Дәстүрлі экономикалық және логистикалық байланыстар үзіліп жатыр. Оған қоса инфляция шарықтап тұр. Әлем экономикасының даму қарқыны төмендеп кетті. Мемлекеттер қарызға белшеден батты. Сауда-саттыққа кедергі көбейеді. Сондай-ақ елдердің өзара сенімі азайып барады. Мұның бәрі әлем экономикасындағы қалыпты жағдайға айналды. Бұдан былай табиғи байлық еліміздің орнықты дамуына негіз бола алмайды", - деді Президент.
Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандырмасақ, әлемдік бәсекеде соңғы орындарда қалуымыз мүмкін екенін мәлімдеді.
"Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы әртараптандыру - уақыт талабы әрі стратегиялық міндет. Біз бұл туралы үнемі айтып жүрміз. Бірақ ісімізден сөзіміз көп болып тұр. Дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде озық бола алмаймыз, яғни әлем экономикасында көш соңында қалуымызға тура келеді. Жаңа ғана еліміздің даму барысы туралы Үкіметтің есебін тыңдадық", - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтіп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!