Смайылов Тоқаевқа биыл қай органдардың бюджеті тексерілетінін айтты

Смайылов Тоқаевқа биыл қай органдардың бюджеті тексерілетінін айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның былтыр атқарған қызметінің қорытындылары мен биылға арналған жоспары жөнінде мәлімет берді.

  • былтыр 214 нысанда құны шамамен 11 триллион болатын 27 аудиторлық іс-шара өткізілгені туралы баяндады, соның нәтижесінде жалпы сомасы 862 миллиард теңге болатын түрлі нормалар бұзылғаны анықталған;
  • тексерістердің қорытындысы бойынша бюджетке 135 миллиард теңге қайтарылған. Бұл 2023 жылы өтелген қаржыдан бес есе артық.

Смайылов құрылыс нысандарындағы баға қалыптастыру, өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру, ауыл шаруашылығын субсидиялау ісінде олқылықтар үнемі байқалатынын айтты:

  • Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған заңбұзушылықты жою үшін Үкіметке ұсыным беріп, жауапты мемлекеттік органдарға нұсқама жолдаған;
  • Әлихан Смайылов биыл 40-тан аса аудиторлық іс-шара өткізу жоспарланғанын жеткізді.
  • Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана және Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары, сондай-ақ, "Самұрық-Қазына" қоры, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы, KEGOC кәсіпорны, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігі бюджеттерінің орындалуы тексеріледі.
  • ғылым, қорғаныс, құқықтық тәртіпті сақтау, спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету, орман шаруашылығы салаларында аудиторлық тексерістер жүргізіледі.

Президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, бюджет қаржысы игерілуін тиімді бақылау үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңызына назар аударды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget