Премьер-министр Әлихан Смайылов Шымкенттің жылу берудегі кемшіліктерін атап көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Шымкентті дамыту жөніндегі кеңесте жаңа өнеркәсіп объектілерін іске қосу, автокөлік жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік мекемелерді салу және реконструкциялау және тағы басқа бірқатар мәселе қаралды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, энергетика вице-министрі Әсет Мағауов және денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев түрлі саладағы көрсеткіштер мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-министр Үкімет Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында ұсынылған кең ауқымды реформаларды іске асыруға кіріскенін айтты.
"Онда халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға ерекше маңыз беріліп отыр. Осы міндеттерге қол жеткізу үшін егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспары әзірленіп, бекітілді", - деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, қала әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды, атап айтқанда жылу, электр, газ, сумен жабдықтау желілерін және т. б. жаңғыртуға басымдық беруі керек.
"Шымкент елдің оңтүстігінде орналасқаннан кейін, мұнда қақаған аяз сирек болады. Соның өзінде, қала тұрғындарының шағымдары азаймай отыр. Мысалы, "Жаңа Талап", "Тұран" шағын аудандарындағы көпқабатты үйлер жылусыз қалған. Бұған жол беруге болмайды", - деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы қаладағы құрылыс қарқынына жақсы баға берді. Атап айтқанда, кейінгі екі жылда 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар Үкімет басшысы осы орайда мегаполисте көлік желісіне жүктеме артып келе жатқанын, бұл жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын, сонымен бірге әлеуметтік инфрақұрылымды едәуір жақсартуды талап ететінін, осыған байланысты жаңа мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандарды уақытылы ашу қажетін айтты.
"Алдағы үш жылда қалада 68 мың оқушыға арналған 54 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл Шымкенттегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге септігін тигізеді", - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр экономикалық блоктың мәселелеріне тоқтала келе, әкімдікке экономиканы әртараптандыру және импортты алмастыру бойынша жоспарлы жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл жағдайда негізінен өңдеу секторына назар аудару керек. Осыған байланысты Үкімет басшысы тиімділікті арттырудың және қолданыстағы индустриялық аймақтарды кеңейтудің, сондай-ақ жаңа өндіріс алаңдарын ашудың маңызын айтты.
"Жалпы қаланың 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық портфелі құны 2 трлн теңге болатын 283 жобаны қамтиды. Қала әкімдігі іске асырылып жатқан жобалардың мерзімінде іске қосылуын, сонымен бірге жоспарланған жобаларды пысықтауды қамтамасыз етуі қажет", - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажет екенін айтты. Бұл – соның ішінде нарықтың қолжетімді тетіктерін қолдануға, делдалдық тізбектерді анықтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысына және аграрлық секторды дамытуға қатысты да мәселе.
Отырысты қорытындылай келе, Премьер-министр "Сайрам" тұрғын алабын сумен қамтамасыз ету, "Тұран" шағын ауданында магистральдық кәріз коллекторы мен оқушылар сарайын салу, жалпы Шымкентте жол инфрақұрылымын салуды қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов жылу желілерін, сорғы станцияларын қайта жаңарту, қазандықтарды жаңғырту және "Қайнарбұлақ" тұрғын алабын газбен жабдықтау керегін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!