Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігі мен субсидия алушыларды сынап тастады

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігін сынап тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс отырысында Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы есеп берді.

"Ауыл шаруашылығының экономикалық маңыздылығы жоғары бола тұра, өкінішке қарай, жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі аз екенін көріп отырмыз, орта есеппен 5%-ға жуық", - дейді ол.

Смайылов мұның себептерін былай көрсетті: өнімділіктің төмен болуы, суармалы жер көлемін ұлғайту қарқынының баяулығы, суды тиімсіз пайдалану, көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлсіз дамуы, материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқалар.

Министрлікке қатысты сын

Жоғары аудиторлық палата бұл салаға аудит жүргізген. Смайыловтың сөзінше, 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Осы орайда маңызды мәселелер де анықталған:

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдаған.

"Олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған. Басымдықтар үнемі өзгеріп отырады. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі келтіреді. Ал бұрмаланған ведомстволық статистикалық деректер нақты бағдарларды қалыптастыруға теріс ықпалын тигізді. Нәтижесінде жекелеген нысаналы индикаторлар тым жоғары деп танылып, соңынан төмендетілген. Бірақ бұл да Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының 40%-дан астамының табысты іске асырылуын қамтамасыз ете алмады. Субсидиялау жүйесінде де кемшіліктер бар. Субсидиялардың түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отырады. Оларды ұсыну тетігі де іске асыру барысында өзгереді. 5 жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданған", - деді ол.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы субсидиялау көлемі артып келе жатса да, оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілмегенін баса айтты.

"17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы. Сонымен қатар нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған. Сарапшылардың бағалауы бойынша бағыттардың көптігіне байланысты субсидиялардың бірқатары 2 есе аз қаржыландырылады. Көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады. Субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді. Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес. Мұндай жағдайларда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын", - дейді ол.

"Субсидия алушылар мемлекеттің міндеті деп санайды"

Әлихан Смайылов субсидия алушылардың көпшілігі қолдау шараларын шығынды өтеу бойынша мемлекеттің міндеті ретінде бағалайтынын айтты.

"Субсидияларды төлеу "әлеуметтік сипатқа" ие болып отыр. Мемлекет басшысы 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек деп нақты атап өтті", - деді ол.

Смайыловтың айтуынша, бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындауға Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылы ғана кіріскен. 

"Министрлік барлық бағытты қамтымайды. Мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығындағы бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерінің көрсеткіші жай ғана өндіріс көлемінің өсуімен шектеледі. Бұл ауыл шаруашылығындағы сапалы өзгерістерді көрсетпейді", - деді ол.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы шаруашылықтар түпкілікті нәтиже бойынша субсидия алуы тиіс деген пікірде.

"Сонда ғана субсидиялардың арқасында жұмыс істеп тұрған тиімсіз шаруалар одан әрі дамығысы келетін адал фермерлерге жол береді", - деді ол.

Қандай заңбұзушылықтар анықталған?

Әлихан Смайылов жалпы аудит нәтижелері бойынша 142 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғанын, 2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді.

"Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда шамамен 5 млрд теңге. Бюджетке 2 млрд теңге өтелді және қалпына келтірілді. 4 дерек бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. 322 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді", - деді Смайылов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз