VI Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (Kazakhstan Global Investment Roundtable) алаңында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Pfizer, Lasselsberger Group және Al Rajhi International for Investment (RAII) компанияларының өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Премьер-министр Pfizer-дің өңірлік президенті Патрик ван дер Лоомен әңгіме барысында Қазақстанда компанияның барлық бастамалары мен инвестициялық жобаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, қазір Prevenar 20 вакцинасын өндіруді локализациялау бойынша белсенді бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Астанада KGIR-2023 шеңберінде жоба бойынша ұзақмерзімді шартқа қол қойылды.
Қазақстанда Prevenar 13 (алдыңғы буын) вакцинасын қолданған жылдары балалар арасындағы пневмониямен сырқаттанушылықтың 50%-ға төмендегені атап өтілді. Әлихан Смайылов жүзеге асырылып жатқан жоба алдағы уақытта да халықты сәтті иммундауға ықпал ететініне сенім білдірді.
Сондай-ақ Үкімет басшысы компанияның республикада Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдерін қамтитын жаңа аймақтық кеңсесін ашу жоспарын құптады.
"Қазақстан инвестиция мен озық технологиялар тартуға мүдделі. Pfizer препараттар өндірісін локализациялау мемлекетіміздің фармацевтика саласының дамуына серпін беретініне сенімдімін", - деді Премьер-министр.
Австриялық Lasselsberger Group компаниясының басшысы Йозеф Ласселсбергермен кездесуде Қазақстан аумағында керамикалық плиталар, құрғақ қоспалар мен желім шығаратын зауыттар салу мәселелері талқыланды.
Әлихан Смайылов елімізде құрылыс саласының қарқынды дамуы құрылыс материалдарына деген сұраныстың артуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Жалпы, жыл басынан бері елімізде 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,8%-ға жоғары.
"Қазақстан Lasselsberger сияқты стратегиялық инвесторлармен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Үкімет жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тиісті көмек көрсетуге дайын", - деді Премьер-министр.
Al Rajhi International for Investment компаниясының бас директоры, Қазақстан-Сауд Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ахмед Әли әл-Дахилмен кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Үкімет басшысы атап өткендей, Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен жүйелерін жаңғыртуға және ауыл шаруашылығы маркетингінің инновациялық бағдарламаларын енгізуге мүдделі.
"Осы тұрғыда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін сіздің компанияңызбен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою – әріптестігімізді нығайтудағы маңызды қадам. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту үшін үлкен әлеуеті бар. Мемлекет өз тарапынан ауыл шаруашылығы субъектілеріне белсенді қолдау көрсетіп келеді", - деді Әлихан Смайылов.
Кездесулердің қорытындысы бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін тығыз іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, VI Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел аясында елімізде жаңа жобаларды жүзеге асыруға инвесторлармен 26 меморандум мен коммерциялық құжаттарға қол қойылған болатын. Келісімдердің жалпы сомасы $1,6 млрд-ты құрайды. Жобалар экономиканың агроөнеркәсіптік кешені, тау-кен және металлургия өнеркәсібі, денсаулық сақтау, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, білім беру және т.б. салалардың дамуына оң ықпал етеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз