Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанға 1 триллион теңгеге жуық актив қайтарылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Активтерді қайтару жұмыстары қабылданған заңға сәйкес қатаң түрде іске асырылады. Бұл қадамдар Президент жүргізіп жатқан реформалар аясында жалғасып жатыр. Активтерді қайтарудың екі жол бар - ерікті және мәжбүрлі. Мәжбүрлі қайтару сот шешімдеріне сәйкес қатаң түрде іске асырылады. Осы заңның қолданылуы аясына қамтылатын адамдарға тоқталсақ, бұл адамдар - әкімшілік ресурстарды пайдаланып, активтерді заңсыз иемденгендер", - деді Үкімет басшысы Сенат кулуарында.
Әлихан Смайылов қазір мемлекетке қанша теңге қайтарылғанына тоқталды.
"Қазір 1 триллион теңгеден аса активтер қайтарылды. Оның 600 милион теңгеге жуығы шетелден алынды", - деді премьер-министр.
Еске салайық, бұған дейін Антикор басшысы 1,5 жылда бюджетке 860 миллиард теңге активтер мен қаражат қайтарылғанын айтқаны хабарланды.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!