Смартфонның қауаттағышынан шыққан өрт: Петропавл тұрғыны комаға түсті
Петропавлда ұялы телефонның қуаттағышының кесірінен пәтер өртенді. Үй иесі ауыр халде ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлауынша, 16 тамыз күні таңертең үш қабатты тұрғын үйдің пәтерінде өрт болды.
"Жиһаз өртеніп, жалын 5 шаршы метр аумақты шарпыды, оны облыс орталығының өрт сөндірушілері 8 минутта сөндірді, 1968 жылы туған ер адам уланып, ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті.
Өрттің алдын ала себебі: смартфонның қуаттағышының қысқа тұйықталуы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 56 жастағы ер адам көмірқышқыл газынан уланып, қалалық көпсалалы жедел жәрдем ауруханасына өте ауыр жағдайда түскенін хабарлады.
"Ол жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылды, қазір науқас комада, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, барлық қажетті шаралар жүргізіліп жатыр", - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Гүлнар Сайлау.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан