Көбіміз гаджетті қуат көзіне қосылған кабельдің көмегімен қуаттаймыз. Дегенмен біраз дамытуды қажет етсе де, смартфонның сымсыз қуаттау акссессуарлары нарықта пайда бола бастады. Ал Вашингтон университетінің (АҚШ) зерттеуші мамандары Wi-Fi модулінің кеңістіктіктегі толқындары арқылы электр энергиясын тасымалдау мүмкіндігін жасады.
Бір қызығы қолданыстағы Wi-Fi-роутерлер қуат көзі қызметін атқара отырып, бір уақытта интернетке кіру мүмкіндігін де қамтамасыз ете алады. Бұл кез келген интернет модемдерінің көмегімен іске асырылады. Тек жаңа бағдарламалық қамтумен жабдықталса болғаны.
Зерттеушілер Asus RT-AC68U модемінің көмегімен 8,5 метр алыста орналасқан температура тетігін қуаттауға қол жеткізді. Ал смартфондарды қуаттау үшін оларға арнайы тетік орналастыру қажет. Инженерлердің айтуынша, оны сыртқаптың көмегімен жасауға болады.
Даму үдерісінде жүріп жатқан жаңа технологияның қарапайым тұтынушыға жететін уақыты әзірге белгісіз. Құрастырушылар оның болашақта кең қолданысқа енуіне сеніммен қарап отыр.