- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Смартфон тауып алсам,...
Смартфон тауып алсам, оны өзімде қалдыра аламын ба?
Егер сіз көшеде немесе қоғамдық орында (тағы да басқа орындар) ұялы телефон тауып алсаңыз, оны өзіңізде қалдыруға бола ма? Бұл сауалға заңгер Венера Нұрғалиқызы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Заңгердің айтуынша, ұялы телефонды (немесе өзге де олжа) өзіңізде сақтай аласыз, бірақ қолдана алмайсыз. Статистикаға сүйенсек, мүліктік қылмыстардың үштен бірі телефон ұрлығына байланысты. Мұндай олжаны тапқаннан кейін бәрі оны қайтаруға тырыспайды. Мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
"Бірінші кезекте сіз олжа мен ұрлық арасындағы айырмашылықты нақты түсінуіңіз керек. Табылған олжа – кездейсоқ бір азаматтың қалтасынан абайсызда түсіп қалған зат, яғни бұл ұрлыққа жатпайды", - дейді заңгер.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 245-бабына сәйкес, сіз сол жоғалған заттың иесін тауып, оған хабар беруіңіз қажет. Егер табылмаған жағдайда, ішкі істер органына хабар беріп, тауып алған затты соларға өткізу қажет.
"6 айдан кейін жоғалған заттың иесі табылмаса, тауып алған адам меншік құқығына ие болады. Оны өзіне қалдыра алады. Ал егер тауып алушы тапқан затын меншiгiне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншiкке өтедi", - дейді заңгер.
Тағы бір ескеретін жайт, егер тауып алған заттың иесі анықталса, сіз ол адамнан зат құнының 30 пайыз мөлшерiнде сыйақы алуға құқылысыз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан