Смарт көзілдірік, микроқұлаққап алып кіргісі келетіндер әлі де бар: ҰБТ-ның аралық қорытындысы шықты

10 мамырда негізгі ҰБТ басталғалы бері 92 мыңға жуық түлек тест тапсырған. Талапкерлердің 71 пайызы тестті қазақ тілінде, 29 пайызы орыс тілінде және 164 адам ағылшын тілінде тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, екінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 65 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл - 63 балл. Ең жоғары нәтиже - 138 балл.

"Екінші аптада ереже бұзылған 178 жағдай анықталды. 103 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тесттен шеттетілді. Тағы 75 адам тест кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижесі жойылды", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбалар талданады. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу дерегі анықталған жағдайда ҰБТ нәтижесі жойылады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!