Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі соғыс жүріп жатқан аймақтағы Қазақстан азаматтарының өтініші бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Оларды елге қайтару жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
СІМ мәліметінше, әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялаған азаматтарға қатысты шаралар қабылданып жатыр.
"Жедел желіге өтініштер әлі де түсіп жатыр. Олардың әрқайсы бойынша ақпарат тексеріліп жатыр. Тексеріс аяқталғаннан кейін тізім Ресей тарапына жіберіледі", - деді ведомство өкілі.
СІМ бұл мәселе бойынша Ресей тарапымен түрлі деңгейде тұрақты байланыс орнатылғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі өкілдері Ресей аумағында соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтағы азаматтар туралы ақпаратқа пікір білдірген болатын.
"Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайды назарда ұстап отыр. Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқығы мен бостандығын және заңды мүддесін қорғау - министрлік қызметінің басымдығы", - деді бұған дейін ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсенов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз