Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға ресейлік мұғалімдердің келетіні туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, әлеуметтік желілерде Қазақстанда ресейлік мектептерінің құрылысы кезінде ресейлік мұғалімдер де сабақ беруге жіберіледі деген ақпарат тараған.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Егер ресейлік тараптың сайтына кірсеңіз, ақпарат жойылып кеткен. Бұл мектептердегі қызметкерлер тек Қазақстаннан болады. Онда ресейлік кадрлар, әсіресе мұғалімдер болмайды. Олар жай ғана мектеп салады", - деді ол брифингте.
Ол Қазақстан Әзірбайжанда, Түркияда және басқа да елдерде дәл осылай мектептер салып жатқанын айтты.
"Бұл - екі ел арасындағы қарым-қатынас. Мектептер тегін салынып жатыр", - деп қосты Смадияров.
Оның айтуынша, орыс тілінде оқытатын мектептердің болып-болмайтыны құрылыс аяқталған соң шешіледі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!