СІМ қақтығыс аймағынан Қазақстанның 14 азаматы шығарылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Әлеуметтік желіде "Қазақстанның 14 азаматы бүгін қақтығыс аумағынан Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігіне жеткізіледі" деген мәлімет тарап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сыртқы істер министрлігі бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

"Бұл тақырып қоғам үшін, әсіресе, азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалық маңызды екенін толық түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметті таратуға жол берілмеуге тиіс. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, үміт береді әрі азаматтарды қорғау жөніндегі министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін", - деді СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов.

Министрлік Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмысты жалғастырып жатқаны айтылды.

"Мәселе тұрақты бақылауда. СІМ бұл жұмыстың нәтижесі туралы қосымша хабарлайды. Азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөзге сүйенуге шақырамыз", - деді ведомство өкілі.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі соғыс жүріп жатқан аймақтағы Қазақстан азаматтарының өтініші бойынша жұмысты жалғастырып жатқаны хабарланды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз