- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- СҚО-дағы алғашқы қар...
СҚО-дағы алғашқы қар жүргізушілерді әбігерге салды
Алғашқы жауған қар Солтүстік Қазақстан облысының жолдарындағы жүргізушілерді әлекке салды. Тек соңғы тәулік ішінде өңір полицейлері көктайғақ салдарынан қиындықтарға тап болған жүргізушілерге бірнеше рет көмектесті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Челябі – Новосібір" автожолының 418-шақырымында 4 фура ілгері жылжи алмады, ал осы жолдың 619 шақырымында жеңіл көліктің 74 жастағы жүргізушісі Омбы қаласына немерелеріне бара жатып жолдан шығып кеткен.
Тағы үш оқиға "Жезқазған – Петропавл" автожолында орын алды. 896-шақырымда көктайғақ "КамАЗ" жүк көлігін кері айналдырып жіберген, ал 899-шақырымда "ГАЗель" жол үстінен шығып кеткен, 940-шақырымда "Audi" автокөлігі аударылып қалған.
Жол-көлік оқиғалары болған учаскелерде тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, арнайы техника ұсынған кәсіпорындармен, мүдделі ұйымдармен байланыста болды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерден ауа райы болжамын бақылап отыруды, көктайғақ болуы мүмкін екенін ескеруді сұрайды. Сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде жолда аса сақ болуға, жылдамдық режимін, тиісті арақашықтықты сақтауға, мүмкіндігінше алыс сапарға шықпауға кеңес береді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина