СҚО-да тұрғын үйден өрт шықты: 16 жастағы бала бүкіл отбасынан айырылды

Солтүстік Қазақстан облысында өрттен 16 жастағы жасөспірім бүкіл отбасынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Ступинка ауылындағы жеке тұрғын үйден өрт шықты.
"Өртсөндірушілер келген кезде үй толығымен өртке оранған, соның салдарынан шатыр мен төбе құлаған. Өртті сөндіру барысында оқиға орнынан екі ересек адам мен үш баланың денелері табылды, олардың жеке басы анықталып жатыр", - делінген СҚО ТЖД хабарламасында.
Өрттің себебі анықталып жатыр.
"СҚО ТЖД басшысы Ж.С. Асқаров оқиға орнында. Сондай-ақ тергеушілер мен ТЖД-ның зерттеу сынақтық өрт зертханасы жұмыс істеп, өрттің себептері анықталып жатыр.
Оқиға болған жерге СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің тапсырмасы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов барды. Облыс әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыру мен өткізуге қажетті барлық көмекті көрсететін болады", - деді СҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жасөспірім балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
"Кәмелетке толмаған студентке колледж жатақханасында тегін тұру мүмкіндігі беріледі. Оған қажетті барлық психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ материалдық көмек көрсету және оқу ақысын төлеу мәселесі шешіледі. Алдағы уақытта тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылады. Жақын туыстарына қамқоршылық рәсімдеу мәселесі ерекше бақылауда болады", - деді әкімдік.
Tengrinews.kz мәліметінше, үйде көпбалалы отбасы тұрған. 40 жастағы ер адам бес баланы жалғыз тәрбиелеген. Оның әйелі 2017 жылы қайтыс болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова