СҚО-да бірқатар шенеунік мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар үшін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу саласында қадағалау органының актілері бойынша 3,3 миллиард теңгеге 11 заңсыз конкурс жойылып, 17 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 6-ы мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін жауапқа тартылған. Ал 3-і жұмыстан босатылып, 3-і қызметке толық сәйкес келмегені үшін ескерту алған.
Тимирязев ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын бұза отырып, орындалған жұмыс актілеріне қол қойып, жеткізушіге тарату желілерін қайта құрудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін сомасы 6, 7 миллион теңге төлеген.
Сонымен қатар, Тимирязев ауылдық округі әкімінің міндетін атқару заң талаптарына қайшы келіп, балалар спорт алаңын салу бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмысқа 19,9 миллион теңге сомасында ақы төлеген.
Аққайың ауданы Астрахан ауылдық округінің әкімі де алаң аумағын тегістеу, жоспарлау және дайындау жұмыстарына 1,3 миллион теңге төлеген.
Қазір жергілікті атқарушы органдар қаржылық заңбұзушылықтарды жою шараларын қабылдап жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!