Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімдіктерінің қызметкерлері 54 мың гектар жайылымдық жерді заңсыз берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"СҚО прокурорлары жер қатынастары саласында талдау жүргізу кезінде елді мекендерге жақын жайылымдарды заңсыз беру бөлігінде жүйелі бұзушылықтарды анықтады. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, жалпы ауданы 54 мың гектар ауылдарға жақын жерде 348 жайылымдық жерді заңсыз берген",- делінген хабарламада.
Қадағалау органының шаралары бойынша облыс әкімдігі мен облыстың жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап қою арқылы ауданы 38 мың гектар 247 жер учаскесін қайтаруды қамтамасыз етіп, қалған учаскелер бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
"Қадағалау органының ұсынымдары бойынша жайылым тапшылығын жою мақсатында әкімдіктер елді мекендердің жер көлемін 114 мың гектарға ұлғайтты. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерімен жайылымдарға қажеттілікті жоюға бағытталған меморандумдар жасалды",- делінген прокуратурада.
Нәтижесінде, өңірде ауыл халқы үшін жайылымдық жерлердегі тапшылық 538 мыңнан 386 мың гектарға дейін азайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!