СҚО-да қызметтік иттердің көмегімен 315 қылмыс әшкереленді

Былтыр Петропавлда қызметтік иттердің ықпалымен 300-ден аса қылмыс әшкереленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ сайтына сілтеме жасап. 

Тәртіп сақшыларының көмекшілері кинологиялық орталықта қызмет етеді. Олар қала тыныштығын күзетіп қоймай, адам өлтіру, есірткі затын тасымалдау, тонау секілді аса ауыр қылмыстар бойынша тергеу амалдарына қатысады. 

Кинолог Ринат Қалан былай пікір білдірді. 

"Ең бірінші итті таңдағанда өзіңнің мінезіңе сәйкес таңдау керек негізі. Соған байланысты қарайсың. Неше түрлі бұлардың да мінезі болады. Біреуі ширақ емес болады, біреуі ширақ болады. Басқа адамдардың бұйрығын орындамайды. Тек қана менікін орындап жатыр қазір. Кинологиялық қызмет орталығында неміс және бельгиялық овчарка, спаниель, лабрадор иттері бар. Иісшіл жануарлар полицейлермен неше түрлі тергеу амалдарына шығады. Қылмыскерлердің ізіне түсіп, жасырынған есірткі заттарын тауып алады", - деді кинолог маман.  

Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының бастығы Самат Төлебаев та ойын айтты: 

"Грета атты иісшіл ит жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Бір ай бұрын оның көмегімен Заречный кентінде үй ішіне жасырынған 1 келіден аса есірткі тәркіленді. Бұл аса ірі көлемдегі партия болып саналады", - деді ол. 

Солтүстік Қазақстан облысында 47 иісшіл ит қызмет етеді. Былтыр олардың көмегімен 300-ден аса қылмыс әшкереленді. Оның ішінде аса ауыр заңбұзушылықтар да бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!