СҚО-да Конституция күніне орай құтқарушыларға жаңа техника сыйға тартылды

СҚО-да Конституция күніне орай құтқарушыларға жаңа техника сыйға тартылды
Фото: news.headline.kz (көрнекі сурет)

Петропавлда ҚР Конституциясының 20 жылдығы қарсаңында «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары» ММ мен Департаменттің оперативті бөлімшелеріне 3 қызметтік автокөлік сыйға тартылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жетекшісі Евгений Журавлевтің мәліметінше, мәжіліс залында Ата Заңның 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өткен. 

Департамент бөлімшелерінің жеке құрамы алдында сөз сөйлеген СҚО әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров техниканың өңірге дәл осындай қажетті сәтте беріліп отырғанын атап өтті. 

«Елбасының көреген саясаты әлемді дағдарыс жайлаған қиын-қыстау заманда өз қызметімізді еш алаңсыз жалғастыруға мүмкіндік береді. Дағдарыс пен валютаның құлдырауына қарамастан біздің ертеңгі күнге сеніміміз зор, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін автокөлік сатып алып жатырмыз», - деді ол СҚО ТЖД басшылығы мен жеке құрамына қарата айтқан сөзінде. 

А.Сапаров солтүстік қазақстандық құтқарушыларды Ата Заңның 20 жылдығымен құттықтап, жаңа техниканың департамент бөлімшелерінің жеделділігін айтарлықтай арттыратынына сенімін білдірді. 

Осындай қуанышты күні ҚР ІІМ ТЖК аумақтық бөлімшесінің басшысы Павел Филиппов департаменттің 40 қызметкеріне медальдар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етті. 

ТЖД ақпаратынша, «Газель», «Лада-Гранта» және УАЗ 390955 автокөліктері облыстық мәслихат сессиясында қабылданған шешімдерді жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджет қаражатына сатып алынған. 

Р. Роза