СҚО-да жасөспірімдер атышулы іс бойынша 12 жылға сотталды

Солтүстік Қазақстанда кісі өлтірді деп айыпталған екі жасөспірім сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, бұған дейін оларды алқабилер ақтап шыққан. Бірақ іс апелляциядан кейін қайта қаралып, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі адамға үкім шығарды.

Оқиға қашан, қалай болды?

Оқиға былтыр М.Жұмабаев ауданы Медвежка ауылында болған. Екі жасөспірім (қылмыс жасаған уақытта екеуі де кәмелет жасына толмаған) ауыл тұрғынын өз үйінде өлтіріп, оның 150 мың теңгесін қолды қылған. Ал бұған дейін айыпталушылардың бірі әжесі мен досынан 2 миллион теңгеден аса қаржыны ұрлап кеткен.

М.И. мен Е.Б. ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (Қарақшылық) және Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағы (Адам өлтіру) бойынша, сондай-ақ біреуі ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 1,2,3-тармақтары бойынша (Ұрлық) айыпталған болатын. Алайда істі алқабилердің қатысуымен қараған облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алғашқы екі бап бойынша оларды ақтап шыққан. Ал М.И. бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін ғана екі жылға бас бостандығынан айырылған.

Жәбірленуші тараптың шағымы

Мұндай шешіммен келіспеген жәбірленуші тарап апелляциялық шағым түсірді. 16 тамызда Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы алқабилердің қатысуымен шешілген ақтау үкімінің күшін жойып, қылмыстық істі соттың өзге құрамындағы жаңа сот қарауына жолдады.

Осы жолы да сот алқабилердің қатысуымен жабық режимде өтті. Прокурор қылмыс жасады деп айыпталған екі адамды 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот шешімі

Алқабилердің қатысуымен сот М.И. мен Е.Б-ны кінәлі деп тауып, 12 жылға бас бостандығынан айырды.

Б. жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді. Ал И. кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне аттанады.

"Сот айыпталушылардың жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде олардың қылмыс жасаған кезде кәмелет жасына толмағанын ескерді", - деп жазылған облыстық соттың баспасөз қызметі мәліметінде.

Еске салайық, бұған дейін 21 жастағы әйелін аяусыз өлтірген қызылордалық сотталғаны хабарланды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз