Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі кәсіпорында газ жарылып, тоғыз адам зардап шекті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Төтенше жағдай 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына қарасты Ильичевка ауылында болған. Оқиға куәгерлері әлеуметтік желілерге видео жүктеп, өрттің "Тайынша-Май" ЖШС-де болғанын хабарлаған. Сақтау цистерналары жарылып, Volvo маркалы газтасушы көлік өртенген.
СҚО Полиция департаменті бұл оқиғаны растады.
"25 маусымда Тайынша ауданы полициясының кезекші бөліміне Тайынша ауданындағы кәсіпорындардың бірінің аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Алдын ала мәліметтер бойынша кәсіпорынның екі қоймасы тұтанып, жарылған. Артынша Volvo газтасушы көлігі тұтанған. Өрт сөндіру бөлімшелері, полиция қызметкерлері және төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері жұмыс істеп жатыр", - деді полиция.
Ресми мәлімет бойынша оқиға салдарынан тоғыз адам зардап шеккен, олардың сегізі ауруханаға жатқызылған.
"Бұл дерек бойынша жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Тайынша ауданының төтенше жағдайлар бөліміне берілді", – деді полиция өкілдері.
СҚО ТЖД қылмыстық іс қозғады. СҚО Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің бірқатары Тайынша ауданының көпсалалы ауданаралық ауруханасына жеткізілгенін хабарлады. Тағы бірнеше адам Ақмола облысының ауруханасына жеткізілген. Зардап шеккендердің жағдайы туралы кейінірек хабарланатыны айтылды.
Айта кетейік, 2016 жылы ашылған "Тайынша-Май" ЖШС зығыр, күнбағыс және рапсты қайта өңдеумен айналысады. Ірі кәсіпорын жылына 300 мың тонна майлы дақыл өңдейді, бұл - тәулігіне мың тонна шикізат деген сөз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова