Солтүстік Қазақстан облысында 2015-2016 оқу жылында 71 мыңнан астам оқушы білім алады, оның ішінде 8175 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында осы және білім беру мекемелерінің дайындығы жөнінде білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова баяндады, - деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Басқарма басшысының ақпаратынша, облыста 534 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда 71 312 оқушы білім алады, контингент 803 адамға ұлғайған. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндер санының артқаны атап өтілді. Биылғы оқу жылында 8175 бала бірінші сыныпқа барады, бұл өткен жылға қарағанда 563 оқушыға артық. «Мектепке жол» акциясы барысында жалпы сомасы 6425,3 мың теңгеге 1266 балаға материалдық көмек көрсетілген.
Шолпан Каринованың айтуынша, биыл 427,2 млн теңгеге 543 мың дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешен сатып алынған.
«Жаңа оқу жылында 75 балабақша мен 487 шағын орталық жұмыс істейтін болады. Мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту 95,1%-ды құрап отыр», - деді ол.
Білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылына байланысты барлық білім ошағында ағымдағы жөндеу жүргізілген. Оған жергілікті бюджеттен 73,6 млн теңге қарастырылыпты. Сондай-ақ 30 білім нысанында күрделі жөндеу жүргізілуде, соның ішінде Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 468,1 млн теңгеге 24 мекеме қалпына келтірілуде.