СҚО полицейлері соңғы 10 жылдағы ең ірі есірткі партиясын тәркіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Солтүстікқазақстандық полицейлер аса ірі мөлшердегі марихуана партиясын тәркіледі. Күдіктілерді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері құрықтады.
Петропавл - Астана автожолында тәртіп сақшылары Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісінен көлікті тоқтатуды талап еткен. Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талабын елемей, жасырынбақ болды. Көп ұзамай жедел уәкілдер автокөлікті Аққайың ауданындағы Астраханка ауылының маңында тоқтатты. Көлік ішінде 29 және 30 жастағы екі петропавлдық болды. Жасы кішісі бұрын есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмысы үшін істі болған.
Жүксалғыштан өсімдік тектес зат салынған 5 қап тәркіленді. Сараптама оның жалпы салмағы 128 келі кептірілген марихуана екенін көрсетті. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Кейінірек тінту шаралары барысында ұсталғандардың бірінің көлікжайынан 300 келі марихуана мен 21,3 келі гашиш жасырылған орын анықталды. Осылайша, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 464 келі болған.
"Бұл кейінгі 10 жылда облыс полицейлері тәркілеген ең ірі марихуана партиясы. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша соталды тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктілер қамауға алынды, тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!