- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- СҚО-да ер адам...
СҚО-да ер адам мен әйелді қағып кеткен жүргізуші екі айға қамалды
Солтүстік Қазақстан облысында ер адам мен әйелді қағып кеткен жүргізуші екі айға қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 8 тамызда Петропавлдың 39 жастағы тұрғынына қатысты сот екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады.
Еске салайық, 5 тамыз күні сағат 23:40-та Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Қарақоға мен Надежка ауылдарының арасындағы жолдың шетінде еш қимылсыз екі адамның жатқаны туралы хабар жеткен.
Оқиға орнынан полиция қызметкерлері осы ауданның 38 және 35 жастағы тұрғындарын, ер адам мен әйел адамның денесін анықтады.
Сондай-ақ оқиға орнынан алыс емес жерде балаларға арналған қоларбада жатқан кішкентай бала табылды. Ол жедел жәрдем көлігімен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. 2022 жылы туған бала жарақаттар алмағаны белгілі болды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Образец ауылында жол апатының белгілеріне ұқсас сыртқы зақымдары бар Toyota Land Cruiser автокөлігі анықталды. Автокөліктің жүргізушісі, (көліктің иесі) Петропавлдың 39 жастағы тұрғыны ұсталды. Жауап ала келе ер адам екі жаяу жүргіншіні қағып кеткенін және оқиға орнынан кетіп қалғанын айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан