СҚО-да білім бөлімдері мұғалімдерге миллиондаған теңге қарыз болып қалған

Солтүстік Қазақстан облысында білім бөлімдері мұғалімдерге миллиондаған теңге қарыз болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Прокуратура өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Еңбек кодексінің 52-бабының талаптарына қайшы, яғни Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Есіл, Жамбыл, М.Жұмабаев, Қызылжар, Шал ақын, Тайынша, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласындағы жалпы білім беру мекемелерінің лауазымды тұлғалары зейнет жасына жетулеріне байланысты еңбек қатынасын тоқтатқан 295 қызметкерге 37,6 млн теңге көлемінде өтемақы төлемеген.

Тағы бір жағдайда Есіл, Ғ.Мүсірепов, Тайынша аудандарында кодекс талаптары бұзылған. 37 мұғалімге біліктілігін арттыру курстарынан өткені үшін 4,3 млн теңге көлемінде іссапар шығыны төленбеген.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 25 қызметкерге 4,9 млн теңге көлемінде төлем жасалды.

"Қалған қызметкерлер бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Прокуратура органдары жыл басынан бері 329 қызметкердің конституциялық құқығын қорғады", - деп жазылған хабарламада.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!