- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- СҚО-да бес мыңнан...
СҚО-да бес мыңнан аса шетелдік жауапқа тартылды
СҚО полицейлері ҚР аумағында заңсыз жүрген 5 мыңнан астам азаматты жауапқа тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жаз – бұл демалыс уақыты ғана емес, халықаралық транзит артатын, сондай-ақ шетелдіктердің еңбек күшін пайдалану жиілейтін маусым. Шекараға жақын Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон жағдайын бақылау полиция департаменті жұмысындағы басым бағыттардың бірі саналады. Полицейлер шетелдік азаматтардың жиналатын орындарын, құрылыс нысандарын және басқа да орындарды үнемі тексеріп отырады.
Маусым айында полиция қызметкерлері Жамбыл ауданының аумағында заңсыз еңбекпен айналысу фактісін анықтады. Салынып жатқан объектіде жұмыс істеп жүрген Өзбекстан Республикасының бес азаматының жұмыс істеуге рұқсаты болмаған. Нәтижесінде шетелдіктерді де, олардың жұмыс берушілерін де әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданды. Сот шешімімен шетелдік бес азаматтың барлығы Қазақстан Республикасынан шығарылды.
СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбіловтің ақпараты бойынша 6 ай ішінде халықтың көші-қоны саласындағы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін 201 шетелдік және 38 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан СҚО-да көші-қон қызметі бөліністерінің қызметкерлері Қазақстан аумағында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін 5359 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалардың тарапынан халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы бұзудың 302 дерегі тіркелді. Ел аумағынан 57 шетелдік шығарылды.
Құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесуден бөлек, СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасы мемлекеттік қызметтердің 12 түрін көрсетуді жалғастыруда. Алты ай ішінде азаматтығы жоқ 573 адам тұруға ықтиярхат пен куәліктер алған. Жеке куәлік жасауға 20054 өтініш және 12320 паспорт ресімделді. Жыл басынан көші-қон қызметі ҚР-да уақытша болуға 3600-ден астам рұқсат қағазын берді. Өңірдегі көші-қон жағдайы ерекше бақылауда.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина