СҚО-да балалар арасында көкжөтел асқынған

СҚО-да балалар арасында көкжөтел асқынған
Фото: ©️Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

СҚО-да балалар арасында көкжөтел асқынған, таралуы 30 есеге артқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысының дәрігерлері көкжөтелдің асқынғанын айтып дабыл қаға бастады. Өйткені өңірде бұл кеселдің таралуы 30 есеге артқан. Ал ауруға шалдыққанның бәрі - балалар.

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері көкжөтел жұқтырудың 62 жағдайы тіркелген. Ал былтыр екі-ақ адам ауырыпты. Кеселге шалдыққандардың көбі облыс орталығында. Бірақ көкжөтел Қызылжар, Тайынша, Айыртау, Мамлют, Есіл, Ғабиден Мүсірепов және Шал ақын аудандарында тіркелді.

Ауру жұқтырғандардың 94 пайызы - 14 жасқа дейінгі балалар. Дәрігерлердің айтуынша, олардың ешқайсысы да кеселге қарсы екпе алмаған. Мамандар бұл ауруға қарсы бірден-бір қалқан тек екпе екенін айтады. Өйткені ауруды бірден жоятын дәрі ойлап табылған жоқ. Көкжөтел - жұқпалы дерт. Оның белгілері: тоқтаусыз жөтел мен құсу.

"Көкжөтелді қоздыратын талшықтар ауа арқылы тарайды. Түшкіру, жөтел немесе әңгімелесіп тұрғанда жұғуы ықтимал. Ол асқынғанда пневмония, өкпенің асқынуы мен құлақтың ісуі және мидың зақымдануына әкеледі. Салдары өте ауыр", - деді СҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова