СҚО-да аудан әкімінің орынбасары пара алу бойынша күдікті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Антикорға сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті облыс аудандарының бірінің әкім орынбасары мен бөлім басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Лауазымды тұлғалар аудандық маңызы бар автожолдарды ағымдағы жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлік субъектісінен 10 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.
Тергеу сотының санкциясымен «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз