СҚО-да алаяқ 80 жастағы әйелді алдап, 270 мың теңшгенің орнына қағаз ұстатып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында болғаны анықталды. Полицейлер қылмыскерді алысқа ұзатпай ұстап, зейнеткердің 270 мың теңгесін қайтарып берген.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бейтаныс әйел оның үйіне кіріп, әңгімеге тартқан, сөз барысында зейнеткердің жиі ауыруы оның жасына байланысты емес, "дуалаудың" салдары екендігін айтып сендірген.
"Басыңдағы "дуаны" аламын деп, бірқатар мағынасыз әрекет жасағаннан кейін, алаяқ зейнеткердің жиған-терген ақшасын да "тазарту" керек деп айтқан.
Алаяқтың сөзінен күмәнданбаған әжей барлық ақшасын - шамамен 270 мың теңгесін берген. Кейін ол қайтарған ақшасын қайта санап, азайып қалғанын білген. Дереу полицияға жүгінген", - делінген хабарламада.
Жедел-тергеу тобының қызметкерлері алаяқтың зейнеткерге алдын-ала дайындалған сувенирлік қағаз ақшаларды бергенін анықтаған.
"Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеру кезінде жедел уәкілдер қара түсті "Skoda Octavia" автомашинасын байқады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде бұрын осындай қылмыстар жасағаны үшін сотталған Қостанай қаласының 50 жастағы тұрғыны ұсталды.
Қазіргі уақытта іс материалдары ҚР ҚК 190-бабы "Алаяқтық" бойынша сотқа жіберілді. Тұрғындардан жалғызбасты қарт туыстарымен сөйлесіп, бөтен адамды үйге кіргізбеу қажеттігін және осындай түрлі "рәсімдер" жасау арқылы болатын алаяқтық туралы айтып түсіндіруді сұраймыз", - делінген хабарламада
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!