- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- СҚО-да WhatsApp чатта...
СҚО-да WhatsApp чатта отырған мыңнан аса адам алаяқтарға алдана жаздады
СҚО-да мыңнан аса адам WhatsApp-та алаяқтарға алдана жаздады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полицейлер қауіпті сілтемені анықтаған. Осылайша, "Хабарландыру. Су тасқыны. Петропавл" чатының қатысушыларын алаяқтардан сақтап қалды.
"Су тасқыны туралы ақпаратты бөлісетін чатта мыңнан аса адам отыр. Шетелдік нөмірден біреу су тасқынынан зардап шеккендер 5 миллион теңге көлемінде өтемақы ала алады деген хабарландыру таратқан. Ол үшін сілтеме бойынша өтуге ұсыныс жасаған. Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері оны заманауи техникалық құралдар көмегімен тексеріп, сілтеме арқылы өткен кезде телефон WhatsApp аккаунтын бұзатын вирусты жұқтыратынын анықтады", - деп жазылған хабарламада.
Кейін телефондағы контактілерге қарызға ақша алу туралы өтініш және алаяқтар басқаратын шот нөмірі жіберіледі екен. Дегенмен фишинг сілтеме уақытылы жойылып, күдікті чаттан өшірілген.
Тәртіп сақшылары халықты қырағы болуға және қаржыға қатысты барлық ақпаратты тексеруге шақырады.
"Алаяқтар адамдарды өз торларына түсіру үшін кез келген жағдайды пайдалануға дайын. Күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіз, тек ресми дереккөздерге сеніңіз. Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары күмәнді хабарландырулар мен сілтемелерді криминалдық полиция басқармасы қызметкеріне + 7 747 429 0203 WhatsApp нөміріне тексеру үшін жібере алады", - дейді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова