СҚО-да 6-сынып оқушысынан туберкулез анықталды, ата-аналар қашықтан оқытуды талап етті

СҚО-да 6-сынып оқушысынан туберкулез анықталды, ата-аналар қашықтан оқытуды талап етті
Фото: depositphotos.com

Солтүстік Қазақстан облысында 6-сынып оқушысынан ашық түрдегі туберкулез анықталып, бұл жағдай ата-аналар арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Олар балаларын уақытша қашықтан оқыту форматына көшіруді талап етуде. Алайда билік органдары бұған эпидемиологиялық негіз жоқ екенін алға тартуда, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қашықтан оқытуға көшіріңіздер" — ата-аналардың талабы

Әлеуметтік желілерде таралған ақпаратқа сәйкес, 13 мамыр күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның мектебінде 6-сынып оқушысынан ашық түрдегі туберкулез анықталған.

"Диагноздың ауырлығына және инфекцияның таралу қаупіне қарамастан, мектеп әкімшілігі балаларды уақытша қашықтан оқытуға көшіру туралы ата-аналардың өтінішін қабылдамады. Ауру жұқтырған баланың кіммен байланыста болғаны әзірге белгісіз. Мектепте кабинет жүйесі қолданылады, ал оқушылар саны көп — бұл аурудың таралу қаупін едәуір арттырады", – делінген ата-аналардың ашық хатында.

Ата-аналардың айтуынша, мектепте толық дезинфекция жүргізілмеген, ал балаларға медициналық тексеру кешіктірілуде.

"Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет офлайн оқытуды уақытша тоқтатуға рұқсат бермей отыр. Мектеп әкімшілігі де алаңдаған ата-аналарға түсіністікпен қарамай, оқуға келмеген оқушыларды аттестациядан өткізбей қаламыз деп қорқытуда. Біз, ата-аналар, жауапты органдар мен мектеп әкімшілігінің әрекетсіздігіне алаңдаулымыз. Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі бірінші орында болуы керек", – дейді олар.

Санэпидбақылау не дейді

СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов бұл жағдайды растады. Оның айтуынша, барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр, алаңдауға негіз жоқ.

"12 мамырда аудандық басқармадан 6-сынып оқушысында ашық түрдегі туберкулез анықталғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. Бұл бала 2021 жылы туберкулезбен ауырған, 2022 жылы емделіп, бақылауда болған. Биыл ауру қайтадан асқынып отыр", – деді Күшбасов.

13 мамыр күні мектептің 3000 шаршы метр аумағында дезинфекция жүргізілген. Бұған дейін баланың үйі де өңделген. Байланыста болғандар анықталып, олардың саны – 1000-нан асқан.

"Қазір аудандық ауруханада барлық байланыста болғандар тексерілуде: балаларға Манту реакциясы, ал 15 жастан асқан жасөспірімдер мен ересектерге флюорография жасалады. Сыныптастарының 17-сі тексерілді, Манту қойылды, нәтижесі 3 күннен кейін белгілі болады. Барлық байланыста болғандар бір жылға дейін бақылауда болады", – деді ол.

Алайда мектепті қашықтан оқуға көшіру қарастырылмайды.

"Біз мектептерді тек жедел респираторлық инфекциялар, тұмау немесе аса қауіпті жұқпалар (оба, тырысқақ, сары безгек және т.б.) жағдайында қашықтан оқуға көшіреміз. Туберкулездің инкубациялық кезеңі 6–8 аптадан бастап жылға дейін созылады. Сондықтан бұл жағдайда қашықтан оқыту қисынсыз", – деп қосты Күшбасов.

Мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр

СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сурағанова да эпидемиологиялық негіз жоқ екенін айтты.

"Аталған оқушы 29 сәуірден бері мектепке келмеген. Бұған дейін аудандық ауруханада тексеруден өткен. Ауру анықталған бойда мектеп әкімшілігі ата-аналар жиналысын өткізіп, жағдайды түсіндірді. Санэпидқызмет толық залалсыздандыру жұмысын жүргізді. Қазір кабинет жүйесі тоқтатылып, санитарлық шаралар күшейтілді", – деді ол.

Қазір Новоишим орта мектебінде 939 оқушы, 112 мұғалім және 25 техникалық қызметкер бар. Мектеп қалыпты режимде жұмыс істеуде.

"Ата-аналарға алаңдамаңыздар дегім келеді. Инфекция көзі оқшауланған, бала облыстық фтизиопульмонология орталығында емделіп жатыр. Мектепте дезинфекция жүргізілді. Балаларға қауіп жоқ", – деп сендірді Арман Күшбасов.

Санитарлық қызметтің мәліметінше, былтыр өңірде оқушылар арасында туберкулездің екі жағдайы тіркелген. Биыл да екі жағдай анықталған — Петропавлда және Ғабит Мүсірепов ауданында.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет
Logotype Massaget