Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нұрлыбек Нәлібаев алдымен Алматы әуежайына барып, нысанның инфрақұрылымын дамыту жобаларының жай-күйімен, соның ішінде перрон ғимараты, ұшақтарды мұздан тазарту алаңы, жаңа жүк тұрақтарының құрылысы және ішкі рейстер терминалының реконструкциясымен танысты.
Алматы әуежайы жаңа халықаралық терминалының жалпы аумағы - 56 мың шаршы метр. 93 млрд теңге инвестиция салынған нысанның өткізу қуаты жылына 14 млн жолаушыға өскен. 2024 жылы маусымда пайдалануға берілгелі бұрынғы ғимаратқа түсетін жүктеме азайып, ол ішкі рейстерге қызмет көрсетуге көшкен.
"Алматы халықаралық әуежайы" АҚ президенті Көсе Гөкердің сөзінше, нысанды басқаруды қолға алған TAV Havalimanları Holding A.Ş. (TAV Airports Holding) компаниясы былтыр тамызда жалпы сомасы 360 млн доллар болатын, алдағы бес жылға арналған бас жоспарды бекіткен.
Осы арқылы терминалдарды реконструкциялау, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуден өткізу, жердегі қызмет көрсету жабдықтарын сатып алу, жүк перроны және бортта тамақтандыру нысандарын тұрғызу, қонақүй мен көп деңгейлі паркинг салу сынды тағы да басқа жобалар қарастырылған.
"Бүгін Үкімет басшысының тапсырмасымен әуежайдағы жұмыс барысын көру үшін арнайы келдім. Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту - Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі авиациялық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық шешім. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Алматы - туристер көп келетін, ең әсем қаламыздың бірі. Әуежай аумағындағы қаланың көркін бұзатын, туристерге жайсыздық тудыратын құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтау керек. Көсе Гөкер мырза, әуежай маңындағы жолаушылардың, туристердің орынды сын-ескертпелеріне негіз болған, созылып кеткен жұмыстарды аяқтайтын уақыт жетті. Туристер ағыны өсетін жаз мезгілі қарсаңында жаңғыртудың қарқынын да арттырыңыздар, халықтың жағдайын назарға алыңыздар. Ал қала әкімдігі жаңғырту жұмыстарының сапасы мен дер кезінде бітуін қатаң бақылауда ұстауға тиіс", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сондай-ақ, Нұрлыбек Нәлібаев Алматы әуежайын таяуда нөсер жауын салдарынан су басқан оқиғаға арнайы тоқталды. Бұл жағдай қоғамда резонанс тудырып, қала тұрғындары мен шетелдік қонақтар арасында жағымсыз реакцияға себеп болды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары жұмыстың басты өлшемі сапа екенін ескертіп, Алматы қаласы әкімдігіне әуежайдың көлік инфрақұрылымын қоғамдық көлік желісімен, соның ішінде метро бағытымен интеграциялауды тапсырды.
"Алматы-1" вокзалына барған премьер-министрдің бірінші орынбасары былтыр наурызда басталған реконструкциялау жұмысын тексерді. Жобаның сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптама порталына жүктелген, бірақ ұйғарым алу 11 тамызға қалған.
"Қазақстан Темір жолының" жұмысындағы кемшіліктерді байқадық. Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді. Қазір оларға жыл он екі ай қолайсыз жағдай туындаған. Жоспарланған жұмыс соңына жетпей, жолаушылар қиындық көріп отыр. Алып шаһарда орналасқан аса маңызды нысандағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді. Жазғы демалыс маусымы басталатын уақыт болды. Сондықтан жұмысты жеделдету керек. Еліміздің тарихында бір мезетте 121 вокзалды жаңғырту жұмыстары бұрын-соңды болмаған. "Қазақстан Темір жолы" басшылығына Алматы-1 вокзалындағы жұмысты тез арада аяқтауды тапсырамын. Қала әкімдігі жұмыс барысын, қарқынын күнделікті қадағалауы керек. Бұл мәселе Үкіметтің қатаң бақылауында", - деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Еске салайық, Нұрлыбек Нәлібаев жуырда ғана премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!