Сиыр алудың орнына сауна салған: қазақстандық 150 млн теңге субсидия үшін күдікке ілінді

Фото: Видео кадры

ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті несиелік серіктестік басшысына қатысты 150,7 млн теңге көлеміндегі субсидияны жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

Күдікті "Агробизнес" несиелеу бағдарламасы аясында бақылауындағы шаруа қожалығының атына заңсыз түрде 126,7 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімдеген. Кейін бұл қаражат ірі қара мал сатып алынбастан, шаруа қожалығының шотынан қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сонымен қатар, мал шаруашылығының ақпараттық жүйесі базасына жалған ақпарат енгізу арқылы ол 2017–2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бөлінген 24 млн теңге көлеміндегі субсидияны заңсыз алған. Субсидияны заңды түрде алынды деп көрсету мақсатында ол басқа шаруа қожалықтарынан асыл тұқымды сиыр сатып алды деген жалған құжаттарды тапсырған.

ҚМА пікірі

ҚМА мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті жер телімдерін сатып алып, олардың бірінде сауна мен сауда үйін салған. Бұл мүлікті жасыру мақсатында оны туысының атына рәсімдеген.

Сот санкциясымен жалпы құны 198 млн теңге болатын мүлікке, яғни 2 жер теліміне, сауда үйіне, саунаға және Exeed LX көлігіне тыйым салынды.

"Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылды", - деп жазылған хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget