Сирек металдар қоры бойынша ұлттық зертхана құрылады

Қазақстанда стратегиялық маңызы бар материалдардың, соның ішінде сирек металдардың тізімін әзірлейтін арнайы комиссия құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Вице-министрдің айтуынша, еліміздің әлемдік өндірістік тізбектерге қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында маңызды ресурстарды зерттейтін ұлттық зертхана ашу көзделген.

«Еліміз әлемдік өндірістік тізбектерге қатысуы үшін маңызды қорлар бойынша ұлттық зертхана құру жоспарланып отыр. Бұл шикізат қорын дамытып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді», – деді Иран Шархан.

Бұдан бөлек, отандық өнімдердің үлесін көбейту үшін реттелетін сатып алулар аясында қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған шаралар қабылданады.

Иран Шарханның мәліметінше, отандық кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты нығайту және дайын өнім шығаруды ынталандыру үшін өнеркәсіптік кластерлерді дамыту моделі әзірленіп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!