"Сирек кездеседі". Алматы тауындағы алғашқы бәйшешек Желідегілерді тамсандырды

Көктемнің алғашқы күні Алматыдағы ботаникалық бақта бәйшешек гүлдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Көктемнің жаршысы бәйшешектің видеосы ботаникалық бақтың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

Нәп-нәзік, әдемі, аппақ бәйшешектің гүл ашуы алматылықтар үшін керемет тосынсый болды. Ерте көктемнің ызғарына қарамастан қар астында бүр жаратын бәйшешек - жаңа өмірге деген үміт пен батылдықтың символы. Осы бір ерекше гүл 2006 жылдан бері Қызыл кітапқа енгізілген. Бәйшешек еліміздің Іле, Жетісу, Күнгей Алатауында, Кетпен жотасында, Қаратауда өседі.

Сұлулығы көз тартатын табиғаттың ғажап туындысы бәйшешек Алматы тауларында бірнеше күн бұрын бүр жарған еді. Мұны алматылық фотограф Дмитрий Доценко 25 ақпанда суретке түсірген.

"Мен жыл сайын бәйшешекті суретке түсіремін. Алғаш бүр жарғанын күтемін. Бірнеше күн бұрын Алматы бақтарының бірінде галантустарды байқадым. Қар ери бастаған кезеңде гүлдің бүр жаруы ғажап құбылыс", - дейді фотограф.  

Instagram/dots_foto

Желі қолданушылары көктем келген соң бәрі бәйшешекті сата бастайтынын айтып, гүлді жұлмауға шақырған.

"Әдемі, бізбен бөліскеніңізге рақмет", "Нешінші рет жаздым, бәйшешектерді жұлмаңдар", "Бұрын көп болушы еді, оның үстіне, тек тауда емес, қазір сирек кездеседі", "Фотограф жарайсыз", "Бұл Қызыл кітапқа енген түрі, иіскеңдер, суретке түсіріңдер, бірақ басқаларға да рақаттануға мүмкіндік беріңдер", "Бәрі сата бастайды, сатпаңдар, жұлмаңдар", - дейді пікір білдіргендер.

Айта кетейік, мамандардың сөзінше, әлемде бәйшешектің 80-ге тарта түрі бар. Нәзік гүл 10 градус суыққа төзе алады. 

  Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!