Синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан: қазақстандық ерлі-зайыпты Грузияда ұсталды

Қазақстан мен Грузияның Ішкі істер министрліктері жүргізген келіссөзден кейін Тбилисиде халықаралық іздеуде жүрген күдіктілер ұсталды. Осылайша синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан ерлі-зайыпты қолға түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жуырда Қазақстан ІІМ басшысы Ержан Сәденов жұмыс сапарымен Тбилисиге барып, Грузия ІІМ министрі Сулхан Тамазашвилимен келіссөз жүргізді. Сонымен қатар, Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің қабылдауында болды.

Нәтижесінде 2026 жылғы наурыздан бері Грузия аумағында Қазақстанның құқық қорғау органдары іздеген 15 адам ұсталған. Олардың қатарында синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырды деген күдікке ілінген ерлі-зайыпты да бар.

"Қазақстан ІІМ сұрауы бойынша Тбилисиде мефедрон өндірісін ұйымдастырды деп күдікке ілінген Қазақстан азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол 2023 жылғы қазаннан 2024 жылғы ақпанға дейін сыбайластарымен бірге Алматы облысында арнайы жабдықталған есірткі зертханасында синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырып, химиктің рөлін атқарған. Тбилисиде халықаралық іздеуде жүрген оның жұбайы да қолға түсті. Тергеу барысында оның Алматы және Қарағанды облыстарындағы синтетикалық есірткі өндірісіне қатысты қылмыстық әрекеттерге қаржы жағынан жауап бергені анықталды. Қазір ұсталғандарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!