Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қарағанды облысындағы кен орнында болған апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары әлі келіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин қайғылы оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айтты.
"Қазақстанның Қарағанды облысындағы шахтада болған апат салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қытай Үкіметінің және халқының, сондай-ақ өзімнің атымнан қайтыс болған азаматтардың отбасылары мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын", - деп жазылған жеделхатта.
Көңіл айту жеделхаттарын Болгария президенті Румен Радев, Армения президенті Ваагн Хачатурян, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, АӨСШК бас хатшысы Қайрат Сарыбай және басқалар жолдады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!