Астанада ШЫҰ-ға мүше елдер басшылары тарихи шешім қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңесінің Астанадағы отырысындағы маңызды оқиғалардың бірі ұйымға Үндістан мен Пәкістанның қосылуы болды.
Осы күнге дейін бұл мемлекеттер ШЫҰ жанындағы бақылаушы елдер дәрежесінде болған. "Астанада біздің ұйым үшін тарихи оқиға болды. Біз жаңа мүшелерді ұйым қатарына қабылдадық - Үндістан Республикасы және Пәкістан Ислам Республикасын. Осылайша, жер халқының негізгі тұрғындарын қатарға қабылдап, әлемдік экономикаға үлкен үлес қосқан ШЫҰ шын мәнінде әлемдік саясат пен экономиканың факторына айналды", - деді Назарбаев.
Қазақстан Президенті өз атынан және ШЫҰ атынан Үндістан мен Пәкістанды Ұйым құрамына қабылдануымен құттықтады. Айта кетейік, бүгін ШЫҰ мүше елдер басшыларының отырысы кезінде Қазақстан Президенті ұйымның басты жұмыс бағытын атаған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев ұйым аясында экономикалық кооперация мәселесін алға жылжытудың маңыздылығын айтты.
"Бұл үшін жаңа институттық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Біріншісі, ШЫҰ-ға мүше елдер үкіметі халықаралық автотасымал үшін қолайлы жағдай жасау шешімін қабылдады. Елдеріміздің транзиттік-көліктік әлеуетін ашу ШЫҰ-ның жасаған бағдарламаларын дамытуға септігін тигізеді", - деп атап өтті Қазақстан Президенті.