"Шырылдаған үні құлағымыздан әлі кетпей тұр". Шуда жасөспірім иттерге таланып қалған

​Шу қаласында №40 мектептің маңында жасөспірім қызды қаңғыбас иттер талап тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

​Тұрғындар қараусыз жүрген иттерден қызды әзер құтқарып қалған. Қан-жоса болған жасөспірім қатты қорқып қалған. Оны жақындары дереу ауруханаға жеткізген.

Қазір жасөспірім қыздың жағдайы тұрақты. Оған дер кезінде тиісті медициналық көмек көрсетілді.

​"4-5 ит жабылып талап жатқанын көріп араша түстік. Кішкентай қыздың шырылдаған үні құлағымыздан әлі кетпей тұр. Бұл не масқара? Тиісті органдар қаңғыбас иттерді аулап, әлі күнге бір шара қолдана алмай отырғаны қалай?" - дейді осы оқиғаға куә болғандар.

​Сәния есімді қала тұрғыны орталық базарда да қаңғыбас иттер қаптап жүретінін айтты.

​"Бұл мәселені бұлай қалдыруға болмайды. Өз әріптестерімді аудандағы қаңғыбас иттерді аулап, оқшаулау жұмыстары бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізуге шақырамын", - дейді Шу аудандық мәслихатының депутаты Ержан Қаршығабеков.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!