Шыршаны заңсыз кескендер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардан шыршаны заңсыз кесу деректерін білген жағдай хабарлауды сұрайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
15 желтоқсаннан бастап ІІМ экологиялық құқықбұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған "Шырша" акциясын бастады. Акция барысында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері орман алқаптары бойынша рейдтер жүргізеді. Оларға орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілдері де қатысады.
"Полицейлер ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Осы салада табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 50 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Егер құқыққа қайшы әрекеттермен елеулі залал келтірілсе, бұл жағдайда 160 АЕК-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, полиция шыршаларды немесе басқа қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз сатудың немесе тасымалдаудың куәсі болған азаматтардан "102" телефоны арқылы хабарлауды сұрайды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз