Семейде шырша құрамын деп жүріп биіктен құлаған мұғалімнің оқиғасы қоғамда қызу талқыға түсті. Massaget.kz тілшісі Қазақстанда осындай қанша дерек тіркелгенін анықтау үшін тиісті ведомствоға ресми сауал жолдады.
Мұғалімнің еңбегін пайдаланғандарға қандай жаза бар?
Оқу-ағарту министрлігінің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес педагог өз қызметін жүзеге асыру кезінде оны басқа жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді.
"Заң талаптары бұзылған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік шаралар (ескерту, айыппұл) қолданылады. Бұл үшін бастапқыда ескерту беріледі, ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқықбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл түріндегі жауапкершілік қарастырылған", - деп жазылған жауапта.
Тұрар Қазанғапов
Мұғалімдер қайда жүгіне алады?
Министрліктің ресми жауабында мұғалімдер басқа жұмыстарға тартылған жағдайда білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне жүгіне алатыны айтылған.
Қанша дерек тіркелді?
Министрлік Қазақстанда 2023, 2024 жылдары мұғалімдерді жұмыс күші ретінде пайдалануға қатысты қанша дерек тіркелді деген сауалға "біздің құзыретімізде мұндай статистика жоқ", - деп жауап берді.
Шырша құрамын деп құлаған: Семейдегі оқиға туралы не белгілі?
21 желтоқсанда Семей қаласында Қуат Айтқалиев есімді мұғалім шырша құрамын деп биіктен құлаған. Бұл жағдай туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Шенеунік бұл әрекетті заңбұзушылық деп атап, жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Midjourney
Кейінірек Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мұғалім жансақтау бөлімінде емес, палатада жатқанын, жағдайы тұрақты екенін айтты.
Бұл мәселе Мәжіліс мінберінде де көтерілді.
Артынша мұғалім ауруханадан шыққаны, дегенмен үш айдан кейін екінші ота жоспарланып отырғаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова