"Шыңырау" анимациялық фильмі халықаралық фестивальде үздік деп танылды

Balapan телеарнасының "Шыңырау" анимациялық фильмі Бразилияда өткен халықаралық фестивальде "Үздік саундтрек" номинациясын жеңіп алды. Бұл жайлы телеарнаның директоры Мақпал Жұмабай Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Бразилиядағы Баиа Халықаралық анимациялық фестивалінде (Festival Internacional De Animação Da Bahia) Balapan телеарнасының "Шыңырау" анимациялық фильмі "Үздік саундтрек" номинациясында жеңімпаз атанды!

"Шыңырау" – "Қоңыр қаз" анимациялық жобасының 2Д қысқаметражды фильмдерінің бірі. Онда біз анимация көмегімен классикалық музыкалық шығарманың сюжетін, сондай-ақ, Ықылас Дүкенұлының күйіндегі мифологиялық және фольклорлық сарындарды бейнелеуге тырыстық. Қобыздың қайталанбас үні арқылы қазақ халқының бай мәдениетін көрсетуге тырыстық", - дейді Мақпал Жұмабай.

Туындыны Balapan телеарнасының ұжымы, сценаристер Зира Наурзбаева мен Тамара Мұқанова, қобызшы Акнар Шарипбаева, режиссер Дильшат Рахматуллин, Dala Animation командасы бірлесіп жасаған.

"FIAB @fiab_festival фестивалінің ұйымдастырушыларына, көрермендеріне және қазылар алқасына біздің фильмді сезініп, бағалағандары үшін рахмет айтқымыз келеді", - деп жазды телеарна директоры.